Басты бет » Хабарландыру » Шымкент қаласындағы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы
Желтоқсан 11, 2019

Шымкент қаласындағы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы

Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 11 желтоқсандағы №58/505-6с шешiмi. Шымкент қаласының Әділет департаментінде 2019 жылғы 13 желтоқсанда №77 болып тіркелді

          Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №2314 қаулысымен бекiтiлген Тұрғын үй көмегiн көрсету ережесiне және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 14 сәуiрдегi                        №512 қаулысымен бекiтiлген Әлеуметтiк тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерiн көрсеткенi үшiн абоненттiк төлемақы    тарифiнiң көтерiлуiне өтемақы төлеудiң ережесiне сәйкес, Шымкент қаласының мәслихаты ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:

          1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Шымкент қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі бекітілсін.

2. Шымкент қаласы мәслихатының 2017 жылғы 31 наурыздағы «Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі» туралы №15/132-6с шешімінің күші жойылды деп танылсын (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде                 №4070 тiркелген, «Шымкент келбеті» газетінде 2017 жыл 28 сәуірде жарияланды).

  1. «Шымкент қаласы мәслихаты аппараты» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
  • осы шешімді Шымкент қаласының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;

2) осы шешім мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін ресми жариялау үшін Шымкент қаласында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарына жіберуді;

3) ресми жарияланғаннан кейін осы шешімді Шымкент қаласы мәслихатының интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсін.

  1. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Шымкент қаласы мәслихаты сессиясының төрағасы Б. Тулегенов
Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Г. Ташкараев
Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 11 желтоқсандағы №58/505-6с шешіміне қосымша

 

 

Шымкент қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

1-тарау. Жалпы ережелер

 

  1. Осы Шымкент қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №2314 қаулысымен бекiтiлген Тұрғын үй көмегiн көрсету ережесiне (әрі қарай – Тұрғын үй көмегін көрсетудің ережесі) және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 14 сәуiрдегi №512 қаулысымен бекiтiлген Әлеуметтiк тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерiн көрсеткенi үшiн абоненттiк төлемақы тарифiнiң көтерiлуiне өтемақы төлеудiң ережесiне сәйкес әзірленді және Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындайды.
  2. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібінде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар.

2) кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

3) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар – кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалатын, жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар түріндегі үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері шығыстарының міндетті сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін күрделі жөндеуге жинақталатын ақша;

4) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;

5) уәкілетті орган – тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын  «Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган);

6) шекті жол берілетін шығыстар үлесі – телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы.

7) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

  1. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен Шымкент қаласында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):

1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;

2) тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;

3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.

Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

  1. Тұрғын үй көмегі аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасына сәйкес жеткiзушiлер ұсынған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу шоттары мен ай сайынғы жарналардың шоттары бойынша бюджет қаражаты есебінен Шымкент қаласында тұрақты тұратын азаматтарға көрсетіледі.

2-тарау. Тұрғын үй көмегін тағайындаудың тәртібі

 

  1. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш береді және Тұрғын үй көмегін көрсету ережесінің 4 тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
  2. Құжаттарды мемлекеттік корпорацияға тапсырған күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні iшiнде уәкілетті орган тұрғын үй көмегiн тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту жөнiнде шешiм қабылдап, өтiнiш берушiнi хабардар етедi.
  3. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе «электрондық үкімет» веб-порталына тоқсанына бір рет өтініш білдіреді.
  4. Тұрғын үй көмегiн алушы немесе оған құқылы тұрғын үй көмегiн төлеу мөлшерiнiң өзгеруiне негiз бола алатын мән-жайларды, сондай-ақ олардың дұрыс есептелмегенi туралы 10 (он) жұмыс күні iшiнде уәкiлеттi органға хабарлайды.
  5. Өтемақының артық немесе кем тағайындалуына әкеп соқтырған әдейi жалған мәлiметтердi берген жағдайда тұрғын үй көмегiн төлеу тоқтатылады және уәкілетті орган өтініш берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге «электрондық үкімет» веб-порталы не Мемлекеттік корпорация арқылы дәлелді бас тартуды жібереді.
  6. Жеке меншiгiнде бiреуден артық тұрғын үй (пәтерi) бар тұлғалар, немесе тұрғын үйдi (пәтердi) жалға берушiлер тұрғын үй көмегiн алу құқығын жоғалтады.

 

 

3-тарау. Тұрғын үй көмегiн көрсетудің мөлшерi

 

  1. Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтiп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға арналған шығыстарға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
  2. Уәкiлеттi органмен тұрғын үй көмегiн тағайындауында келесi нормалар есепке алынады:

1) өтемақылық шаралармен қамтамасыз етiлген тұрғын үй ауданының нормасы бiр адамға, тұрғын үй заңнамасымен белгiленген, тұрғын үй беру нормасына баламалы және көп бөлмелi пәтерлерде (тұрғын үй-жайларда) тұратын әр мүшесiне 18 шаршы метрдi құрайды, бiр бөлмелi пәтерде (тұрғын үй-жайда) тұратындар үшiн – пәтердiң жалпы көлемi. Көп бөлмелi пәтерлерде (тұрғын үй-жайларда) жалғыз тұратын азаматтар үшiн ауданның әлеуметтiк нормасы 30 шаршы метрдi құрайды;

2) электрқуатты, суық суды, кәрiздi, ыстық суды, қоқысты әкету, лифт қызметін көрсету, газды және жылуды тұтыну нормалары «Оңтүстік Қазақстан облысында есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтыну нормаларын бекіту туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі №114 қаулысымен (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде №3196 болып тіркелген) және «Шымкент қаласында есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтыну нормаларын бекіту туралы» Шымкент қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 26 қарашадағы №265 қаулысымен (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде №4 болып тіркелген) бекiтiлген.

Коммуналдық қызметтердi тұтынудың шығындары, коммуналдық қызметтi тұтынудың белгiленген нормативтерiнен артық емес, алдыңғы тоқсанға нақты шығындары бойынша есептеуге алынады;

3) қызмет көрсетушiлердiң шоттарын ұсынуы бойынша (түбiртектер, жапсырма, есеп-фактурасы) қатты отынды пайдалану нақты шығындарына, бiр айға есеп бойынша, бiр тұрғын үйге 1000 килограммнан аспайтын тәртiбiн ала отырып, әлеуметтiк норма шығыны 1 шаршы метрге 1 килограмм қатты отын (көмiр) болып белгiленедi.

4) қызмет көрсетушiлердiң шоттарын ұсынуы бойынша (түбiртектер, анықтамалар) нақты шығындарына бiр отбасыға (отбасы 4 адам және одан көп) газ балонды пайдалану бiр айға 20 килограмм оның iшiнде бiр адамға баллон газын тұтыну 5 килограммнан артық емес, орталықтандырылған ыстық судың бар немесе жоқ болуына қарамастан белгiленедi.

  1. Коммуналдық қызметтердi тұтынғаны және тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп ұстауға ақы төлеуге, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы органдар жалға алған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалдау ақысына және телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк ақының ұлғаюы бөлiгiндегi байланыс қызметiне шектi жол берiлетiн шығыстар үлесi отбасының (адамның) жиынтық кiрiсiнiң 10 пайызы мөлшерiнде белгiленедi.
  2. Тұрғын үй көмегiн алуға үмiткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысы «Тұрғын үй көмегiн алуға, сондай-ақ мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi немесе тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi алуға үмiткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi агенттiгi төрағасының 2011 жылғы                   5 желтоқсандағы №471 бұйрығына сәйкес есептеледi (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде №7412 болып тіркелген).
  3. Азаматтың табысын растайтын құжаттарды тапсырғанда, мүгедектер және бiр айдан астам стационарлық ем қабылдап жатқан тұлғаларды, күндiзгi оқу нысаны бойынша оқитын студенттердi, тыңдаушыларды, курсанттарды және магистранттарды, сондай-ақ 1 және 2 топтағы мүгедектердi, 16 жасқа дейiнгi мүгедек балаларды, сексен жастан асқан адамдарды, жетi жасқа дейiнгi балаларды күтiп бағумен айналысатын азаматтардан басқа, жұмыссыз адамдар жұмыспен қамту мәселелерi жөнiнде уәкiлеттi органынан жұмыссыз ретiнде тiркелуi жөнiндегi құжаттарды тапсырады.
  4. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн төлеу уәкiлеттi органмен тұрғын үй көмегiн алушының өтiнiшi бойынша тұрғын үй көмегiн алушының жеке шоттарына екiншi деңгейдегi банктер арқылы жүзеге асырылады.