Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс елу бесінші сессиясында үш мәселе қаралды. Кеңеске қала басшысы Ерлан Айтаханов, мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, қалалық мәслихат депутаттары, атқарушы органдардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия отырысында мәслихат депутаттары Шымкент қаласының Абай ауданының әкімі лауазымына Ғалымжан Төлеповты тағайындауға келісім берді. Қала басшысы Ерлан Қуанышұлы депутаттарға жаңа әкімді таныстырып, алдағы уақытта да табыс тіледі. Сонымен қатар, қала басшысы ел Президенті белгілеген міндеттерді сапалы жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
Шағын анықтама. Ғалымжан Әнуарұлы Төлепов 1983 жылы 24 шілдеде туған, білімі-жоғары. Еңбек жолын 2006 жылы Қазығұрт аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. 2007-2012 жылдары облыс әкімі аппаратының бас маманы, бөлім меңгерушісі, қаржы және денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау департаментінің бюджетті орындауды үйлестіру және талдау бөлімі болып жұмыс істеді. 2012-2018 жылдары ОҚО Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары және Төлеби ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2018 жылдың 21 маусымынан бастап Түркістан облысы Төлеби ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Бұған дейін Абай ауданының әкімі қызметін атқарған Бұхарбай Парманов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл шешім Президент Әкімшілігімен келісілген болатын.
Сонымен қатар, сессияда Шымкент қалалық мәслихатының 2020-2022 жылдары Әл-Фараби ауданы бойынша «мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне, көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және балалардың ойын алаңдарын орнату бойынша толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ, 2020-2025 жылдарға арналған Абай ауданының аумағында аулаларды абаттандыру бойынша балалардың ойын, жаттығу алаңдарын күтіп ұстау және абаттандыру жобасына толықтырулар енгізілді. Ашық спорт және жаттығу алаңдарын ұстау бойынша мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасына мемлекеттік міндеттемелер қабылданды. Міндеттеме шешім қабылданған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұдан басқа, мәслихат қала әкімінің «әкімдіктің дербес құрамына өзгерістер енгізу туралы» ұсынысын қарап, жаңа құрамды келісті.
Сессиядағы күн тәртібінің мәселелері тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында және «Nur Otan»партиясы фракциясының отырысында егжей-тегжейлі талқыланды. Сессияға депутат Үсенов Данияр төрағалық етті.