Шымкент қаласында қатаң шектеу шараларын және карантинді ұзарту туралы қаланың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 17- шілдедегі № 27 Қаулысына сәйкес, 24 шілде күні алтыншы шақырылған Шымкент аласы мәслихатының кезектен тыс алпыс сегізінші сессиясы қашықтан өтті. Депутат Сұлтанова Төреайым Жолдыбайқызы төрағалық еткен мәжілісте сессия күн тәртібіндегі екі мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «2020-2022 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 11 желтоқсандағы шешіміне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, қабылданған карантинді шараларға байланысты бюджеттік бағдарламалардың кірістері мен шығыстары қайта оңтайландырылды.
Жалпы қала бюджетінің көлемі облигация есебінен 5 млрд теңгеге және өзіндік кіріс есептерінен 21 млн 800 мың теңгеге ұлғайды. Қазіргі таңда шектеу шараларына байланысты мәдениеттік іс-шарлар, қызметтік сапарлар мен мемлекеттік материалдық- техникалық базаларын нығайту бойынша қаржылар қайта бағытталып, медициналық құрал-жабдықтар мен аппараттарды алуға 3 млрд 359 млн теңге, азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге 219 млн теңге, сондай-ақ, білім саласына, жол қозғалысының қауіпсіздігін қаматамасыз етуге қосымша қаржы қаралды.
Келесі мәселе бойынша ҚР Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы және қолданысқа енгізу туралы ҚР 2017 жылғы 25 желтоқсанындағы Заңның 2-бабы, 2-тармақшасында салық кодексінің 17- бөлімінің қолдану мерзімі 2020 жылдың 1-қаңтарына дейін деп көрсетілген. Осыған орай «Шымкент қаласының аумағында қызметін жүзеге асыратын барлық салық төлеушілер үшін тіркелеген салықтық біріңғай мөлшерлемелерін белгілеу туралы» Шымкент қаласы мәслихатының 2018 жылғы шешімінің күші жойылды деп тану туралы ұсынысы қаралды.
Сессия күн тәртібіндегі мәселелер алдымен бірлескен тұрақты комиссияларының отырысында және «Nur Otan» партиясы фракциясының онлайн режимдегі отырысында егжей-тегжейлі талқыланып, депутаттар бірауыздан шешім қабылдады. Мәжіліс соңында шаһар басшысы Мұрат Әйтенов депутаттар тарапынан ұсынылған 19 сауалнама толықтай қолдау тапқанын айтып, қала бюджетіне енгізілген өзгертулерді мақұлдаған халық қалаулыларына пандемия кезінде әкімдік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға қолдау білдіргені үшін алғысын жеткізді.