04.07.2022
ШЫМКЕНТТЕ ЕЛОРДА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА КӨП БАЛАЛЫ 40 ОТБАСЫҒА ПӘТЕР КІЛТІ ТАБЫС ЕТІЛДІ
Елорда күні мерекесінің қарсаңында Шымкент қаласында көп балалы 40 отбасы жаңа пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлап жатыр. Алтын құрсақты аналарға жаңа қоныстарының кілтін Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов салтанатты жағдайда табыс етті.
—Халқымызда «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөз бар ғой. Баспана — отбасындағы берекенің бастауы. Сондықтан баршаңызға қоныс құтты болсын! Осы үйлердің іші қуаныш пен шаттыққа толы болсын, — деді Б.Нарымбетов.
Тұран шағын ауданында қазір көпқабатты 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 200 пәтер дайын тұр. Мереке қарсаңында соның ішінде 40 пәтер көп балалы отбасыларға тапсырылды. Қалғандары арнайы комиссияның шешімі бойынша кезекте тұрған отбасыларға үлестіріледі. Мұның барлығы сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық пәтерлер екенін айта кеткен жөн.
Жалпы, биыл Шымкент қаласында әлеуметтік әлсіз топтар мен жұмыс істейтін жастарға 1 605 арендалық пәтер беру жоспарланған. Соның ішінде 476-сы көп балалы отбасыларға, 54-і жетім балаларға, 857-сі жұмыс істейтін жастарға табыс етіледі.


