Шымкент қаласындағы атауы жоқ 1 шағынаудан және 352 көшенің атауын беруге қатысты көпшіліктің тыңдауы өтті. « Көрме» орталығына жиналған тұрғындар жаңа атауларға қатысты ой-пікірлерін айтып, атауы қайталанатын көшелерді ауыстыруды ұсынды.
Бүгінде Шымкент қаласында 657 көшенің атауы жоқ. Оның 305-іне Республикалық ономастика комиссиясы оң қорытындысын берген. Ал қалған Абай және Қаратау аудандарына тиесілі атауы жоқ 352 көше мен «Арғымақ» деп аталып кеткен шағынауданға тұңғыш Президенттіміз –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылғы тапсырмасы бойынша, ономастикалық атауларға адам есімдерін беру шектеліп, Мәдениет және спорт министірінің әзірлеген жер, су, тау және дәстүрлі атаулардың тізіміне сәйкес берілетін болады.
Жиналған жұрт аталған жаңа атауларды бірауыздан қолдап, келісімін берді. Мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев бұл мәселені алдағы өтетін сессия күн тәртібіне енгізіп, сессия отырысында бекітілетінін жеткізді.
Атай кетейік, көшелерге атау беру бойынша көпшілік тыңдау мәслихаттың тұрақты комиссиясының ұйымдастыруымен өтті. Жиынды қала депутаты Ермек Дәрменов жүргізді. Көше атауларын Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Эльдар Темірханұлы таныстырды.
Сондай-ақ, бұл мәселе бұдан бұрын Шымкент қаласы мәслихатының Депутаттық өкілеттік, этика, әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында талқыланып, комиссия мүшелері аталған атауларды мұқият 5 көшенің атауын қайта қарап,оларды өзгерту туралы пікір білдірген болатын.