Бүгін Шымкент қаласы мәслихатның депутаттары жылу беру маусымына дайындығын пысықтау мақсатында тұрақты комиссия отырысын өткізді.Қалалық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының мәліметі бойынша, Шымкент қаласының жылу жүйелері мен желілері жылыту маусымына 100%-ға дайын. Қаланың жылу жүйелері қысқы маусымға толық тексеріліп, орын алған ақаулар ретке келтірілген.Осылай деген басқармасы басшысы Жолшыбек Шайхсламов тұрақты комиссия отырысында 2020-2021 жылдарғы жылу беру маусымына дайындау барысында атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Сонымен қатар, төрт ауданның өкілдері де өздеріне қарасты аудандағы жылуға қатысты мәселені атап өтті.
Шымкентке жылу қазанның 15-інен бастап беріле бастады.Жұмыс жоспар бойынша,жылу беру кезең-кезеңмен жүзеге асады. Мамандардың айтуынша бір аптаның ішінде қала толықтай жылуға қосылатын болады. Сондай-ақ, техникалық дайындығы жоқ нысандар да қосылу кестесіне енгізілген, бірақ оларға жылудың берілуі жекелей шешіледі. Қалада 2020-2021 жылдардың жылыту маусымы ағымдағы жылдың 15 қазанынан басталды.
Жалпы жылу беру маусымының дайындық жұмыстарына басқарма тарапынан тұрақты мониторинг жүргізілуде, бақылауға алынған.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап қаланың жылу жүйелерін сумен толтыру жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда магистралдық және ішкі орамдық жылу жүйелері 100% толтырылған.Сонымен қатар, нысандарды жылуға қосу жұмыстары жүргізілуде,орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 208 нысанның 195-і (93%), автономдық кіші қазандықтарға қосылған 271 нысанның 268 жылуға қосылды (99%), 1896 көпқабатты тұрғын үйлердің 1754 тұрғын үйі (92%) жылуға қосылған, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
«Қуат жылу орталығының» МКК басшысы П. Сәбитов атап көрсеткендей, жылу беру маусымына толық дайын. Бұған қоса, Пернебай Сәбитов энергокешендердің дайындығы бойынша кешенді іс-шаралардың жүргізілгенін айтып, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Белгілі болғандай, қалада әлі күнге 504 тұрғын үйдің КСК-сы жоқ. Садарынан бүгінде үй астындағы құбырлардан 122 ақау шығып, жылудың жүргізілуіне кедергі келтіруде.Тағы бір айта кетерлігі, қазір көмірді пайдаланатындар саны жыл өткен сайын азайып келеді. Оның себебі, қала бойынша жекелеген үйлер табиғи газға ауысуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы 3 жылда бітеді деген жоспар бар.
Жалпы, қала бойынша газға қосылмаған жекелеген үйлер саны 19 мыңнан асады. Сонымен қатар, коммуналдық қарыздарды қайтарту бағытындағы жұмыстың да қарқыны күшейеді. Бүгінде тұрғындардың 280 млн теңгеден астам коммуналдық берешегі бар екен.
Сонымен, бүгін-ертең шаһардағы мектептер мен балабақшадан бастап, тұрғын үйлерге жылу келе бастайды. Жиын соңында депутаттар күздің қара суығына халықты тоңдырып қоймай, ақауларды алдын ала ретке келтіруді ұсынды.