2019 жылдың 28 наурызында Шымкент қаласы мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Отырыста қала мәслихатының кезекті 47 сессияның күн тәртібінің жобасына енгізілген отыз бір мәселе алдын ала қаралып, оның ішінде төрт басқарманың атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.
Жиында ең алдымен Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының 2018 жылдың және соңғы 2 айда атқарылған жұмыстарының есебі баяндалды. Қаланың жол сапасы мен қоғамдық жолаушылар тасымалдау саласын дамыту көрсеткіштерін баяндаған басқарма басшысы Қуатжан Жұматаев бір жылда 81 көше орташа, 82 көше күрделі жөндеуден өтіп, 171 көше пайдалануға берілгенін атап өтті. Сонымен қатар, құрылысы жүріп жатқан жаңа шағын аудандардың 390 көшесіне шағал тас төселіп, 31 жаяу жүргіншілер жолы салынған.
Айтылған жұмыстар бойынша халық қалаулылары жөндеуден өткен жол сапасына қатысты сын ескертпелер айтып, былтырғы жіберген кемшілікті болдырмау үшін мердігерлердің жұмысын жіті қадағалауды, комиссия мүшелерімен бірге жұмыс барысын тексеруді тапсырды. Сондай-ақ, қаламыздағы назардан тыс қалып қойған Сайрам тұрғын алабындағы «Ташкентская» және «Исмаил ата», «Шұғыла», Қызылсу елдімекеніндегі көшелерге шағал тас төсеуді, Достық шағын ауданына жаяу жүргіншілерге арналған жол мен аялдама салуды жоспарға енгізуді ұсынды. Сонымен қатар, халық қалаулылары жолдағы қауіпсіздікке де алаңдаулы. Өйткені, соңғы уақытта жол-көлік оқиғаларының басым көбі жаяу жүргіншілер жолағында болған. Бұл проблеманы депутаттар жолақтың жиі сызылуы көлік қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіреді дейді. Осыған байланысты басқарма басшыларына арнайы талдау жасап ,апатты жағдайдың алдын алуды ұсынды.
Отырыс барысында әлеуметтік қоғамдық көліктер мен муниципалды автобус паркі туралы сөз қозғалды. Бүгінде 27 көлік компаниясының 1129 қоғамдық көлігі жолаушыларға қызмет етіп келеді. Қалалық маршруттардағы автобустарды жаңарту механизміне сәйкес ағымдағы жылдың маусым айына дейін 300 отандық автобус сатып алынса, жыл соңына дейін 700 қоғамдық көлік іске қосылады деп жоспарлануда.Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында төлемдерді тесттік режимде ShymQala мобильді қосымшасымен SMS және QR коды арқылы қабылдайтын электронды жүйесін енгізу көзделген.
Жиында Дене шынықтыру және спорт басқармасының атқарылған жұмыстары да тыңдалды. Басқарма басшысының мәлімдеуінше ,2018 жылдың қорытындысы бойынша қалада 300 мыңға жуық адам дене шынықтыру және спортпен шұғылданады екен. Өткен жылы қала спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарына қатысып, 361-алтын,14-күміс, 311-қола медаль жеңіп алған. Ал 2019 жылдың 2 айында 44 спорттық іс-шаралар өткізіліп, 77- алтын, 85- күміс, 114- қола медаль иеленген. Бүгінгі таңда қала аумағында 61 спорт түрлерін дамытуға арналған 848 спорт нысандары тіркелген. Алдағы уақытта Қажымұқан Мұңайтпасов, «Металург» стадиондары мен Ипподромда қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Комиссия отырысына қала мәслихатының депутаттары, басқарма басшылары қатысты. Мәжілісте қала мәслихаттың кезекті 47 сессиясының күн тәртібіндегі отыз бір мәселе егжей –тегжейлі талқыланып, халық қалаулылары шешім жобасын сессияға шығаруға бірауыздан келісті.