Бүгін алтыншы шақырылған Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс қырық үшінші сессиясы өтті. Оған шаһар басшысы Ғабидолла Рахматоллаұлы, мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, қала депутаттары мен аудан әкімдері, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Жиында төрт мәселе қаралып, сайлау комиссиялары белгіленді.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23-қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, Шымкент қаласының мәслихаты күн тәртібіндегі аумақтық және аудандық аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы, сонымен қатар, Шымкент қаласы мәслихатының 2018 жылғы 26 қарашадағы «Мемлекеттік –жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» №41/329-6с шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі бойынша шешім қабылданды.
Қала бойынша 1 аумақтық, 4 аудандық аумақтық және 260 учаскелік сайлау комисииялары бар. Оған төрт саяси партиялар мен он қоғамдық бірлестіктерден 2407 үміткер үсынылды. Оның ішінде үш қоғамдық бірлестіктің ұсынған құжаттары орталық сайлау комиссиясының талаптарына сәйкес келмегендіктен қараусыз қалдырылды.
Қорытындылай келе, төрт саяси партиялар мен жеті қоғамдық бірлестіктің ұсынған аумақтық сайлау комиссияларына 35, учаскелік сайлау комиссиясының 2360 мүшесі сайланды.
Қала мәслихатының уақытша комиссия төрағасы Бұхарбаев Нұрғазы баяндаған осы үш мәселе бойынша депутаттар бір ауыздан қолдау білдіріп, шешім қабылдады.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы мәслихатының 2018 жылғы 26 қарашадағы «Мемлекеттік –жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» №41/329-6с шешіміне өзгерістер енгізілді.
Қалалық мәслихаттың кезектен тыс қырық үшінші сессиясына Мұхтар Құралұлы Битемиров төрағалық етті. Мәжіліске 21 депутат қатысып, 7-і белгілі себептермен қатыса алмағандығын хабарлады.