Бүгін Алтыншы шақырылған Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс елу бесінші сессиясында күн тәртібіндегі үш мәселе қаралды. Мәжіліске қала әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлы, мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, қала депутаттары мен атқарушы орган басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия отырысында мәслихат депутаттары Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі лауазымына Ғалымжан Төлеповты тағайындауға келісімін берді. Жаңа әкімді мәслихаттың кезектен тыс елу бесінші сессиясында арнайы таныстырған шаһар басшысы Ерлан Қуанышұлы оның алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, қызмет барысында ел Президенті айқындап берген міндеттемелерді сапалы жүзеге асыру қажеттігін айтты.
Ғалымжан Әнуарұлы 1983 ж. 24 шілдеде дүниеге келген, білімі- жоғары. Еңбек жолы 2006 ж. Қазығұрт аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы болудан басталған. 2007-2012 жж. Оңтүстік Қазақстан облысы қаржы департаменті денсаулықты сақтау және әлеуметтік қорғауды қаржыландыру және қаржы департаменті бюджеттің атқарылуын үйлестіру және талдау, облысы әкімі аппаратында бас маман, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2012-2018 жж. ОҚО Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары және Төлеби ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2018 жылдың 21 маусым айынан бастап Түркістан облысы Төлеби ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Абай ауданы әкімінің лауазымын атқарған Бұхарбай Парманов Президент Әкімшілігінің келісімімен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.
Екінші мәселе бойынша Шымкент қаласы мәслихатының «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау шешіміне толықтырулар енгізіліп, Әл-Фараби ауданы бойынша 2020-2022 жылдар аралығында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату бойынша 12 міндеттеме және Абай ауданы аумағындағы балалар ойын, тренажер алаңшаларын абаттандыру және күтіп ұстаудың 2020-2025 жылдарға арналған жобасы, Қаратау ауданы аумағындағы аулаларды абаттандыру, ашық спорт және тренажер алаңшаларын орнатып күтіп ұстау бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына мемлекеттік міндеттемелер қабылданды. Міндеттеме шешім қабылданған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
Сонымен қатар, мәслихат әкімдіктің дербес құрамына өзгеріс енгізу жөнінде қала әкімінің ұсынысын қарап, жаңа құрамына келісім берді.
Сессияда күн тәртібіндегі мәселелер алдымен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында және «Nur Otan» партиясының фракциясының мәжілісінде егжей-тегжейлі талқыланды. Сессияға депутат Үсенов Данияр төрағалық етті.