Бүгін 3 сәуір күні алтыншы шақырылған Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс алпыс үшінші сессиясы өтті. Елде төтенше жағдай жариялануына байланысты сессия отырысы депутаттармен онлайн байланыс орнату форматында өтті. Оған мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев пен қала депутаттары, атқарушы орган басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Депутат .Бектұрғанов Рамазан Сейдахметұлы төрағалық еткен мәжілісте қала депутаттары сессия күн тәртібіндегі төрт мәселені қарады.
Мемлекет басшысының елде экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бірқатар тапсырмаларына сәкес, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «2020-2022 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» мәслихаттың шешіміне өзгерістер енгізіліп, қала бюджеті 57 690 000 мың теңгеге ұлғайды. Бөлінген қаржы бірінші кезекте Отандық тауар өндірушілерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсалады. Одан бөлек қаржы №3 АРГС құрылысына, әлеуметтік маңызы бар қоғамдық көлік бағыттарын субсидиялауға және Тұран шағынауданына баратын магистралды су құбырының құрылысына бағытталады.
Сонымен қатар, мәжілісте «Азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емделу кезінде тегін дәрілік заттарды қосымша беру туралы» және «Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы» Шымкент қалалық мәслихаты шешімінің күшін жою туралы» Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 11 желтоқсандағы № 58/508-6с шешiмiне өзгерістер мен толықтыру енгізілді. Шымкент қаласы мәслихатының «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы мәслихат шешіміне де өзгерістер енгізілді.
Сессия күн тәртібіндегі мәселелер алдымен «Nur Otan» партиясы фракциясының онлайн режимдегі отырысында егжей-тегжейлі талқыланды.