Кездесу Шымкент қаласы, С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейінде өтті. Есептік кездесуге 22 округінің 80-нен астам сайлаушылары, Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Д.Ж.Амангелдиев және С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицей директоры У.А.Есім қатысты.
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Рамазан Сейдахметұлы 2019 жылғы атқарылған жұмыстары туралы саулашыларының алдында есеп беріп, қала және сайлау округі тұрғындарының өзекті мәселелерін тыңдады.
Рамазан Сейдахметұлы жиналған халыққа ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы туралы баяндады. Сондай-ақ, біздің мегаполис ТМД-ның мәдени астанасы болғанын атап өтті.
«Естеріңізде болса, 2017 жылы 11 қазанда Сочиде өткен ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында Қазақстанның Шымкент қаласы 2020 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД) мәдени астанасы болып жарияланған еді. «Достастықтың мәдени астаналары» мемлекетаралық бағдарламасы аясында. Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы болып бекер таңдалған жоқ. Мәдени астана мәртебесі қаланың одан әрі дамуына серпін берері анық. Шаһарда қазір 1 миллионнан астам адам тұрады. Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис саналады.
Еліміздегі әрбір төртінші сәби осы өңірде дүние есігін ашады. Қаланың соңғы жылдары экономикалық әлеуеті де еселене түсті. Шымкенттің дәл осылай қарқынды дамуы мәдени астана мәртебесін алуға сеп болғаны сөзсіз. Бұл әрі шаһарға жүктелген үлкен жауапкершілік. Осы арқылы салт-дәстүрімізбен мәдениетімізді халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға мүмкіндік туындап отыр.
Сондай-ақ, 2020 жылы Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл және қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Биылғы жылы біздің мегаполисіміз көптеген туристер мен қонақтарды күтуде, осыған байланысты азаматтардың тазалық тәртібін сақтауға, сыпайы болуға және қала қонақтарына қонақжайлылығымызды көрсетуге шақырамын.»- деді Рамазан Сейдахметұлы.
Сонымен қатар, 2020 жыл «Волонтер» жылы екенін айтып, тұрғындарды белсенді түрде қатысуға шақырды.
Рамазан Сейдахметұлы арыз-шағымдар бойынша жауапты мекемелерге депутаттық сауал жолдап, алдағы уақытта жиында көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал жасайтынын жеткізді.