Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы мен тұрақты комиссия төрағалары тұрғындарды кезекті рет қабылдап, мәселелерін тыңдады. Шымкент қаласы әкімдігінде өткен қабылдауға 5 түрлі мәселемен онға жуық азамат тіркелген.
Атап өтсек, қазіргі таңда жалдамалы пәтерде тұратын, несиесі бар, есеп-шоттары арестте тұрған 10 баланың анасы көмек сұраса, мүмкіндігі шектеулі баласы бар қала тұрғыны баласына дәрі-дәрмекпен көмектесуді сұрап отыр. Одан бөлек, бірнеше азамат тіркелмеген препарат туралы мәселесін жеткізді.
Сондай-ақ, қоғамдық қабылдауда Асар 2 шағынауданының тұрғындары жоспарға енбеген көшелерге жылдың соңына дейін мемлекеттік жарық, ауызсу мен газ кіргізіп беруді, сонымен бірге, кейбір көше атауларын өзгертіп, соғыс ардагерлерінің есімдерін беруді сұрай келген.
Өз кезегінде мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов азаматтардың арыз-шағымын жіті бақылауына алатынын жеткізіп, мәселелер мен өтініштер тиісті мекемелерге жолданды.