2018 жылдың бесінші маусымында Шымкент қалалық мәслихатының тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы және кезектен тыс жиырма тоғызыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Ж.Түймебаев, қала әкімі Н.Сауранбаев, облыс және қала әкімдік мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алтыншы шақырылған Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс жиырма тоғызыншы сессиясының күн тәртібінде негізгі мәселе болып, «Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызу туралы» мәселе қаралды.
Аталған мәселе бойынша халық қалаулыларының алдында сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі: «Сессияда тарихи құжатқа қол қойылды, бұл Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алуда ауқымды жұмыстың бастауы болды», алдағы уақытта жоспардың көп екенін, оның барлығы мәслихат депутаттары мен қала тұрғындарының қолдауымен ғана жүзеге асатынын айтып, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Шымкенттің миллионды қала атануымен құттықтаған облыс басшысы Ж.Түймебаев шаһардың республикалық маңызы бар миллионды мегаполис болып қалатындығын ерекше атап өтті. Орта Азиядағы сан ғасырлық ғұмыры бар санаулы қалалардың бірі болған Шымкент, енді бірегейіне айналу бағытына түсті. Мұның барлығы бізге зор мақтанышпен қатар, үлкен жауапкершілікті жүктейді, -деді Ж.Түймебаев.
Өз кезегінде мәслихат депутаттары қала мәртебесі туралы шешімді бірауыздан қабылдап, мәслихат хатшысы, қала әкімі және сессия төрағасы салтанатты түрде бірлескен шешімге қол қойды.
Қабылдаған шешім заңдылыққа сәйкес, облыс әкімдігі және мәслихатының қарауына жолданып, оң шешімін тапты.
Алдағы уақытта ҚР өкіметінің ұсынысы негізінде ҚР Президентінің жарлығын күтетін боламыз.