Бүгін Шымкент қаласы мәслихатында Шымкент қалалық қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобын іріктеу бойынша жиын өтті.
Жиынға Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов, жұмыс тобына үміткер кандидаттар, байқаушылар, БАҚ өкілдері қатысты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру, соның ішінде Қоғамдық кеңестердің құзыретін кеңейтіп, жұмысын жүйелеуді тапсырған болатын.
Жолдауды іске асыру мақсатында 2021 жылдың 3 қаңтарында «Қоғамдық кеңестер туралы» заңнамаға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда осы күнге дейін қоғамдық кеңестердің жұмысын қамтамасыз ету үшін қаржы қаралмаған, сондай-ақ, кеңестің барлық жұмысын үйлестіру Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасының міндетінде болған.
Бұдан былай заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді және қаржыландыруды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мәслихаты жүзеге асырады.
Бұдан алдын мәслихат хатшысы жұмыс тобының жетекшісі, әрі кеңес мүшесі де болған, алайда, қазіргі Заң талаптарына мұндай жағдай сай келмейді. Себебі мен мәслихат хатшысы ретінде жұмыс тобын өзім бекітемін. Кеңесті қаржыландыруды қараймын, жұмыс тобының бірінші отырысын жүргіземін, құрамын бекітемін және сандық құрамын конкурсты өткізгенге дейін айқындаймын. Міне сол себепті, бүгін Қоғамдық кеңесті қалыптастырушы жұмыс тобын қайта жасақтау бойынша шешім қабылданды.-деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Жұмыс тобының құрамына үміткер ретінде жалпы 10 азаматтан өтініш түскен. Оның 6 электронды түрде, 4 қолма-қол ұсынылған.
Жиын ашық түрде өтіп, кандидаттар Заң талаптарына сәйкес бір-біріне ашық дауыс берді. Алдағы уақытта қоғамдық кеңестің құрамына 5 үміткерге орын қаралған және бұлар жаңаша тәсілмен сайланатын болады.
Конкурс нәтижесінде: Қоғамдық кеңесті қалыптасытрушы жұмыс тобының құрамында азаматтық қоғам өкілдерінен ең көп дауыс жинаған алғашқы 7 кандидат жұмыс тобының мүшесі болып бекітілді. Олар;
1. БӘШЕНОВ Ұлықпан Мусинұлы
Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
2. ДОСБОЛОВ Әбілқасым Үсіпбайұлы
Қоғам қайраткері, Шымкент қаласының құрметті азаматы
3. ДОСАЛИЕВ Қанатбек Балтабайұлы
«Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы, Шымкент қаласының мәслихат депутаты
4. ТУЙЕТАЕВ Балтабек Исақұлы
«ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ҰЛТ»қоғамдық бірлестігінің төрағасы
5. ДАЙРАШОВ Ербол
«ERNIYAZ» баспаүйінің директоры
6. АЛИМБАЕВ Мұрат Нұрланұлы
«Алтын Орда» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
7. ИСАХОВ Мағжан Шыңғысұлы
«Жас Отан» жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының басшысы.
Жиынның соңында жұмыс тобының жетекшісі болып көпшілік дауыспен Ұ.Бәшенов сайланды.