Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді.
Бүгін Шымкент қаласында да үздік медицина мамандары марапатталды.
Салтанатты шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен марапат иелері қатысты.
Мерекелік іс-шарада Шымкент қаласының әкімі мамандарды құттықтап, алғыс хаттар табыстады. Жалпы 22 ақ халаттыға Шымкент қаласы әкімінің алғыс хаты, «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісі берілді.
Сонымен қатар, бас қосуда дәрігерлерге арналған қысқаша фильм көрсетіліп, пандемия кезінде қаза болған медицина қызметкерлерін еске алды.