Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының уақытша комиссия мүшелері мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша жиын өткізді. Отырысқа Шымкент қаласы Әл-Фараби, Абай және Қаратау аудандарының басшы құрамдары мен Экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы басқармасының басшылары қатысты.
Жиында аудандар бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына мемлекеттік міндеттеме қабылдау мәселесі талқыланды.
Аудан басшылары мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қарауға ұсынылған мәселелер жобасының сметалық құжаттамаларын да дайындаған. Онда ағымдағы жылы іске асырылатын әріптестік жұмыстар аясында аулаларға заман талабына сай жоғары сападағы балалар ойын элементтері, ересектерге арналған спорттық тренажер комплекстері мен тұрғындардың демалып отыруына арналған орындықтар орнатылатыны көрсетілген.
Алайда, халық қалаулылары әкімдердің баяндамасын мұқият тыңдап, тараптардың міндеттемелерін сессияда қарауға және құжаттардың бекітілуіне ықпал етуге асықпады. Депутаттар аталған аудандарда атқарылған жұмыстардың бар екеніне тоқталып, кейбір аулалардағы осыған дейін орнатылған балалар алаңшаларының сапасына көңілдері толмайтынын тілге тиек етіп, бірқатар ұсыныстар жасады.
Қала мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев ең алдымен жергілікті кәсіпорындарды қолдауға шақырды. Сондай-ақ, алаңша орнату жұмыстарын да жергілікті кәсіпкерлерге жүктеуді ұсынды. Олар жауапкершілікпен қарап, ойын элементтері сынған жағдайда қайта жөндеуге мүмкіндік бар дейді.
Ал уақытша комиссия төрағасы Нұрғазы Бұхарбаев сырттан келген мердігер ұйымдарды Шымкент қаласының салық төлеушісі ретінде тіркеліп, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартуды, олармен келісім жасауда өнімнің сапасына кепілдік беріп, ақауларды түзеу мерзімін үш жылға дейін ұзартсын деген талаптар қойды.
Мәслихат депутаттары Ермек Дәрменов пен Талғат Әмірбеков жауын-шашын мезгілінде балалар ойын алаңында қиналмау үшін, ең бірінші аулаға ландшафт орнатуды ұсынды. Сондай-ақ, футбол алаңына қатысты мәселені де қозғады. Депутаттар ауладағы футбол алаңдарын жеке кәсіпкерлерге берудің ұтымды екенін айтады.Өйткені, кейбір адамдар түнде жасанды көгалды кесіп алып саяжайға немесе үйлеріне апарып, төсеп қойған. Ал кәсіпкерді көгалға жауапты етіп қойса, қыруар қаржыға салынған алаңда тазалық орнап, қараусыз қалмайды деді.
Жиын барысында комиссия мүшелері Ерлан Омаров, Гүлнәр Құрманбекова, Хайрулла Амантайұлы Сәрсенов алдыңғы жылдарда орнатылған ойын алаңшаларының сапасын тексеріп, салыстырмалы түрде мердігер ұйымдармен келісім жасауды тапсырды.
Естеріңізге сала кетсек, биыл аулалаларды абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстарына 6 млрдтан астам теңге жұмсалу көзделген.
Бұдан соң мәслихат депутаттары басшы құрамды бүгінде жаңадан қосылған шағынаудандарға жеткілікті деңгейде көңіл бөліп, тұрғындардың талап-тілегі бойынша ең бірінші кезекте жол, ауызсумен қамту мәселелерін қолға алуды ұсынды. Екі сағатқа созылған жиында маңызы бар біраз сұрақтар қаузалып, нақты тапсырмалар берілді.