Бүгін 12 қараша күні алтыншы шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс жетпісінші сессиясы алдындағы тұрақты комиссияларының отырысы өтті. Жиында сессия күн тәртібіндегі үш мәселе талқыланды.
Олар: 1. «Шымкент қаласы 2018-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын бекіту туралы» Шымкент қаласы мәслихатының 2018 жылғы 26 желтоқсандағы №41/328-6с шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
2. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» Шымкент қаласы мәслихатының 2018 жылғы 26 қарашадағы №41/329-6с шешіміне толықтыру енгізу туралы;
3.«Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту туралы» Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы №47/392-6с шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
Мамандардың мәліметіне сәйкес биылғы пандемия салдарынан жылдың қорытындысымен өнеркәсіп, сауда, көлік, жылжымайтын мүлікпен операциялар, қызмет көрсету салаларында көрсеткіштердің төмендейді деген болжам бар. Сондай-ақ, пандемия салдарынан мұнай өнімдерінің тұтынуы төмендеуіне байланысты, ҚР Энергетика министрлігі тарапынан кәсіпорын үшін өңделетін мұнай көлемі де өткен жылмен салыстырғанда 89%-ға төмендетті.Соның салдарынан, өнеркәсіп өндірісі индексінің жоспары 103,5%-дан 98%-ға төмендетілді. Ауыл шарушылығы саласында да төтенше жағдайға байланысты экспорт көлемі төмендеді. Бұл ретте ішкі нарықты қажетті көлемде астықпен қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың сәуір, мамыр айларында бидай мен ұн экспортына квота енгізілді, соның нәтижесінде экспорт көлемі азайған көптеген кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылды. Ал құрылыс саласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы іске асырылып, құрылыс көлемі ұлғайды. Осыған орай пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жоспары 508 мың ш.м-ден 612 мың ш.м. ұлғайтылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша мәслихатқа Шымкент қаласында «Shymkent Bike» автоматтандырылған қалалық велопрокат жүйесін пайдалану» жобасы бойынша құны 176,9 млн.теңгеге мемлекеттік міндеттеме алу ұсынылды. «Жобаға сәйкес 40 бірлік станциялар, 160 бірлік велосипедтер, 404 тұрақ орындары қарастырылған. «Bike Sharing» жүйесі велосипедті жалға алудың алғашқы 30 минуты тегін болып, велосипедтерді жақын орналасқан станцияларда алмастырып, ұзақ уақыт бойы тегін пайдалануға мүмкүндік болады»,- дейді мамандар.
Жоғарыда аталған мәселелер алдағы өтетін бірлескен комиссия отырысында және «Nur Otan» партиясының мәслихаттағы депутаттық фракциясында егжей-тегжейлі талқыланып, сессия қарауына ұсынылады.