2020 жылдың 12 маусымында қала әкімдігінің мәжіліс залында Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараевтің қатысуымен бірлескен тұрақты комиссияларының отырысы өтті. Алтыншы шақырылған Шымкент қаласы мәслихатының кезекті алпыс бесінші сессия қарауына жиырма алты мәселе ұсынылды. Ең алдымен тексеру комиссиясының мүшесі Марат Балқыбеков қала әкімдігінің өткен жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есебін баяндады.
Жалпы Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылы Шымкент қаласының негізгі әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштері өткен жылдармен салыстырғанда барлық басты көрсеткіштер бойынша өсу қарқыны байқалған. Былтыр қала бюджеті төрт рет нақтыланып, жеті рет түзетулер енгізілген. Нәтижесінде бюджет шығыстары 109 млрд 587 млн теңгеге ұлғайып, 37 млрд 544 млн теңгеге қысқартылған. Бюджеттің қысқартылуы себептері қаражатты игеруге байланысты болған. 2019 жылы қала бюджетіне қаралған 243 млрд 101 млн теңгенің 241 млрд 236 млн теңгесі, яғни шығындар 99,2 пайызға игерілген. Яғни, қала бюджетінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша 1 865 072,9 мың теңге игерілмеген. Баяндамашының мәліметінше, ең ірі игерілмеген қаржы жұмыспен қамту және әлеуметті қорғау басқармасына тиесілі болған. Жылдың қорытындысымен игерілмеген қаржылар негізі жеткізіп берушілердің көрсететін қызметтеріне және мердігерлердің атқарылған жұмыстарына төленетін ерекшіліктерден және келісім-шарттардың кеш түзілуінен орын алған. Сонымен қатар, 3 бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан бюджеттік бағдарламаларды басқару барысында қаржыларды игеру бойынша тиісті шараларды уақтылы жүргізбеуінен бюджет қаражатының қомақты сомасының игерілмеуіне жол берілген. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан қаржыларды игеру барасында бюджеттік мониторинг тиісті деңгейде жүргізілмеген және бюджеттік бағдарламаларды басқару деңгейі төмен болған.
Осы орайда қала әкімінің орынбасары Ербол Әбілхайырұлы бюджет қаражатынының уақытылы игерілмеуінің негізгі себебін түсіндірді.
«Былтырғы жыл Шымкент қаласы үшін қиын жыл болғанына қарамастан, негізгі көрсеткіштерге қол жеткіздік. Бюджеттің шығыстары 241 млрд теңгеге,яғни 99,2 пайызға орындалды. Ал Республикалық Ұлттық қор мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бөлінген қаржы игерілмей қалды. Оның себебі, жыл басындағы жоспардан бөлек, кейін бұл қаржы атаулы әлеуметтік көмекке бағытталды. Соның себебінен игерілмей қалды. Жалпы, жергілікті бюджеттен 536 млн теңге үнемделді. Ал негізгі бюджет (144,8 млрд теңге) әлеуметтік салаға бағытталған. Қазір бюджеттің атқарылуына байланысты арнайы бағалау жүргізілуде. Осы бағалау бойынша, мүмкін болған 100 баллдан Шымкент қаласы 79,66 балл алып отыр. Бұл басқа өңірлермен салыстырғанда жоғары балл болып есептеледі. Бұл көрсеткіш Шымкент қаласы қаржыны мерзімінде және тиімді игеру бойынша жоғары дейгейде дегенді білдіреді» -деді Ербол Садыр.
Сонымен қатар, 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер енгізіліп, қала бюджетіне қосымша 21 502,1 млн.теңге қарастырылды.Нәтижесінде қала бюджетінің көлемі 441,8 млрд теңгеден 444,4 млрд теңгеге ұлғайды.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, бұл қаражат қосымша шараларды іске асыру үшін қажет. Аса ірі шығындар, мемлекеттік әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік пакет тағайындауға,кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлауға, жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысына,қоғамдық жұмыстарға, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнеске кредиттерді ішінара кепілдендіру үшін және төтенше жағдай режимінде коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша халықтың төлемдерін өтеу,білім саласына, инженерлік-коммуникациялық инфақұрылымды дамытуға және т.б жоспарлы жобаларды іске асыру үшін жұмсалды.
Бұдан басқа, бүкіл ел аумағы бойынша төтенше жағдайдың және карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты қала бюджетінің кірістерінің атқарылуына жүргізілген талдаудың нәтижелері бойынша өзіндік кірістердің кейбір түрлерінің жоспарлы түсімдеріне өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, тиісінше бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыстары қайта қаралды.
Бұдан кейін, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша, төрт аудан әкімдерінің атқарылған жұмыстары туралы есептері тыңдалды.
Мәліметке сүйенсек, бүгінде қалаға кейіннен қосылған 53 шағын аудан шалғайда инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аудан әкімдерінің мәліметі бойынша Тұран, Батыс, Ынтымақ-2, Жаңатұрлан, Асар-2 шағын аудандарын сапалы ауызсумен қамту бойынша бюджеттен 5 миллиардқа жуық қаржы бөлініп, тиісті шаралар атқарылуда. Жыл соңына дейін Игілік, Қызылжар, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Көкбұлақ, Абдулабад, Өтеміс, Базарқақпа шағын аудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғындар ауызсуға қол жеткізеді. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін шаһардағы 41 шағын ауданға сапалы электр қуаты тартылып, жыл соңына дейін бір магистралдық кәріз коллекторының құрылысы аяқталып, 12 мың халқы бар 5 шағын аудан (Тоғыс, Жыланбұзған, Елтай, Бадам, Маятас) кәріз жүйесіне қосылады. Ал 2025 жылға дейін қаладағы 40 шағын аудан табиғи газ жүйелерімен қамтамасыз етілетін болады.
Мәжілісте күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі жағдай және даму перспективалары да сөз болды.
Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның баяндамасы бойынша, биыл жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар саны екі есеге көбейген. Былтыр әлеуметтік көмек алатын отбасының балалар саны 15 мыңнан асса, биыл 30786 балаға жеткен. Биыл 222 мыңнан астам мектеп оқушылары оқулықпен толық қамтылады. Сонымен қатар, 30872 оқушы ыстық тамақ пен киім, концеляриялық заттармен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, жаңа оқу жылында 10375 компьютер алынады. Бүгінде білім саласында 82-і мемлекеттік, 439 жекеменшік, барлығы 521 мектептепке дейінгі білім мекемесі жұмыс істейді.Шымкент қаласында 1 мен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейін біліммен қамту 86,1 пайызға орындалып отыр.
Сондай-ақ, басқарма басшысы қазіргі таңда жекеменшік балабақшаларға қатысты бірқатар өзекті мәселелер бар екенін атап өтті.
– «Жекеменшік балабақшалардың сапасы сын көтермейді. Зерделеу жұмыстары барысында 447 балабақшаның материалдық-техникалық базасы деңгейінің сапасы небәрі 40 пайызы ғана санитарлық талапқа сай. Педагог қызметкерлердің біліктілік сапасының төмен. Сонымен қатар, штаттық қызметкерлердің санына сәйкес, білім беру дейгейі де 38 пайызға ғана орындалып отыр»- деді Жанат Тәжиева
Аталған мәселелерді шешу бойынша басқарма басшысы ҚР БҒМ 22.01.2016 жылғы «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы»№70 бұйрығын қайта қарап, өзгерістер мен толықтырулар ендіру және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының сапасын арттыру мақсатында лицензиялауды қолға алу туралы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне ұсыныстар берілгенін айтты.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Шымкент қаласында орналасқан мемлекеттік заңды тұлғаларға адамдардың есімін беру және қайта атау бойынша ұсыныстарды енгізу туралы, оның ішінде «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасына Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Әл-Фараби есімін беру және атауы қайталанатын және атау жоқ № 72, № 53 екі мектепке ҰОС ардагерлерінің есімін беру мәселесі қаралды.
Бұдан бөлек, комиссиялар отырысында Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы мен жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының есебі тыңдалды. Бүгінде қала аумағында 62 мың ауылшаруашылық жер бар. Ағымдағы жылдың 5 ай аралығындағы кезеңге 20 000 га аумақты алатын 1874 жайылым жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізілді. Түгендеу нәтижесінде 836 учаскесі, алаңы 8637 га нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқандығы анықталған.
Қазіргі таңда игерілмей жатқан немесе нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жер учаскелері бойынша заң талаптарына сай жұмыстар жүргізу үшін, Шымкент қаласының қала құрылысын бақылау басқармасына жолдау мақсатында құжаттары дайындалуда.
Он сегізінші мәселе- қала аумағында жолаушыларды тасымалдаудың сараланған тарифі талқыланды. Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары талғат Төлегенов «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында қаладағы қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту және жолаушыларға қолайлы жағдайларды жасау үшін , алдағы шілде айында қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізу бойынша тарифтер белгіленген қаулыға келісім беруді сұрады. Тарифті белгілеу бойынша, бұл ретте көлік карталары арқылы төлеу кезінде қазіргі қолданылатын тарифпен төлейді, ал қолма-қол ақшамен төлеу кезінде тариф жоғары болмақ.
Аталған жоба «QazSmartTrans» ЖШС жеке инвесторлар есебінен іске асырылады.
Күн тәртібіндегі келесі мәселелердің бірқатары кадрлык ауыс-түйістерге байланысты Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы кеңестердің дербес құрамына өзгерістер енгізу ұсынылды.
Сонымен қатар, «Шымкент қаласының аумақтық сайлау комиссияларын сайлау туралы» Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды. Яғни, осыған дейін Шымкент қаласының аудандық аумақтық 260 сайлау комиссияларының учаскелері құрылған болса, оған 52 сайлау учаскесі қосылды. Осыған орай, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден сайлау комиссиясының мүшесі болуға үміткерлер ұсынылды.
Мәжілісін қорытындылаған халық қалаулылары баяндамадағы дәйектерге сүйене отырып, басқарма басшылары мен қала әкімдеріне кемшіліктерге жол берген тиісті жауаптылардан қаладағы өзекті мәселелерге қатысты жауап алып, күн тәртібіндегі барлық мәселелердің маңыздылығын баса айтып, әсіресе бюджетті жоспарлау кезінде қателіктерге жол бермеуді тапсырды. Сөз соңында Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары әкімдіктен ұсынысынылған мәселелерді мақұлдап, мәслихаттың кезекті 65-сессиясының күн тәртібіндегі мәселелері бойынша шешім жобасын сессияға шығаруға бірауыздан келісілді.
Мәжіліске мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, қала депутаттары мен шаһар басшысының бірінші орынбасары Ербол Садыр, аудан әкімдері, атқарушы органдардың басшылары қатысты.