Бүгінгі « Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына және 1- наурыз Алғыс күніне орай өткен салтанатты жиында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәслихат хатшысы Ташқараев Ғани Әбдіғаниұлына Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың қолы қойылған Ассамблея мүшесі деген куәлікті табыстады.
Сонымен қатар, мерекеге орай өткен мәжілісте Елбасының « Нұр Отан» партиясының XVIII съезі барысында берілген тапсырмаларын іске асыру туралы қала әкімінің орынбасары Құрманбекова Гүлжан Мамытқызы баяндама жасады. Онда халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдер қабылданған. Елбасы көпбалалы отбасылардың және халықтың әлсіз топтарын қолдау, оларға баспана беру, бюджеттік салада табысы аз қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға көтеру, жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту, инженерлік инфрақұрылым мәселелерін шешуді тапсырды.
Осыған байланысты шаһар басшысы Ғабидолла Рахматоллаұлы атқарушы орган басшыларына президенттің тапсырмасын тез арада жүзеге асыруды міндеттеді.
Сондай-ақ, жиын барысында сөз алған « Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Азадова Муаттар көпшілікті мерекемен құттықтап, бір шаңырақ астында әртүрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқандығы үшін және сонау қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білген қазақ халқына ерекше алғысын білдірді.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде берген тапсырмаларды орындау бойынша және Алғыс айту күніне орай өткізілген жиынға Шымкент қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ғабидолла Әбдірахымов, мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, депутаттар мен жергілікті атқарушы орган басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері қатысты.