Бүгін әкімдіктің ғимаратында Шымкент қаласы мәслихатының депутаттарына қаланың бас жоспары таныстырылды. Сәулет,қала құрылысы және жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Архабаев қаланың қай бағытта дамып, қандай басымдықтарға мән берілетіні жөнінде баяндап берді. Сондай-ақ, жауаптылар халық қалаулыларына шаһардың болашақтағы сәулетін, жаңадан салынатын маңызы бар нысандардың жобасын көрсетті.
2012 жылы жасақталып бекітілген Шымкенттің бас жоспарына сәйкес шаһардың аумағы 117 мың гектарға ұлғайған. Жоба бойынша 77 мыңнан астам гектар жерге қала құрылысын жүргізу жоспарланған. Мамандардың мәліметіне сәйкес қазір Шымкентте бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек, қаланың инфрақұрылымы дамуда. Келешекте қалада мәдени орындардың саны көбеймек.
Сонымен қатар, қала көшелерімен қатар көпірлері де ретке келтірілуде. Бүгінде Бадам өзені үстінен өтетін өткелдің құрылысы аяқталып, Қонаев даңғылымен жалғасатын құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.Ұзындығы 100, ені 32 метрлік көпірдің құрылысы қала аумағындағы кептелістің алдын алуға көп септігін тигізетін болады.
Жиын соңында депутаттар жобаларды жүзеге асыру бойынша және қаланы көркейту бойынша бірқатар ұсыныс берді.