Кездесу 2019 жылдың 1 наурызында Бозарық шағын ауданы № 131 мектеп ғимаратында өтті. Жиынға Қаратау ауданы әкімінің орынбасары, Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері мен 48 сайлаушы қатысты.
Халық қалаулысы Талғат Әмірбеков кездесуде ең алдымен жуырда өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты нақты тапсырмалары жөнінде айтып, әлеуметтік салаға қатысты және көпбалалы отбасылардың балаларына төленетін жәрдемақыны алу жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, сонан соң тұрғындардың сауалдарына құлақ түрді.
Жиналыста сөз алған тұрғындар Бозарық шағын ауданының бірқатар көшелерінде әлі күнге дейін жолдың жоқтығын айтып шағымданды.Салдарынан көлікке міну үшін аяқтан тозып, жаңбырлы маусымда лай-батпақтан көз ашпаймыз, деді тұрғындар.
Бұл мәселеге қатысты Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев ауа-райына байланысты әзірге тас төсеуге мүмкіндік болмайтынын, алайда аталған көшелерге тас төсеу бойынша құжаттар әзірленіп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ, шағын ауданда әлі күнге дейін кейбір көшелердің атауы жоқ, жедел жәрдем шақыруда қиындықтар барын айтып, жиналғандар өздерін мазалаған бірқатар мәселелерді тізіп, оның ең бастысы балаларға арналған спорт алаңын және жаңа бағандар орнату, жарықтандыру,сонымен қатар қоғамдық көліктердің жетіспейтінін сөз етті. Тіпті Бозарық шағын ауданы екіге бөлінгеннен кейін автобустар кейбір көшелерден жүрмейді деп шағымданды.
Халықтың сауалына әкім орынбасары Марат Тәжібаев көше атауы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудің қажеттілігін айтып, тұрғындардан атау туралы ой-пікірлері мен ұсыныстарын беруді сұрады. Сондай-ақ, Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы өкілі мәлімдегендей, қоғамдық көлік мәселесі бойынша оның аудан тұрғындарына ыңғайлы жүру бағыты қарастырылуда.
Жиын соңында тұрғындардың арыз- шағымын жеке-жеке тыңдаған халық қалаулысы, аталған мәселелер бойынша арнайы депутаттық сауал жолдап, алдағы мәслихат сессиясында ұсыныс білдіретінін айтты.