21.02.2020
Депутат Ғани Ахметбаевтің халық алдындағы есепті кездесуі өтті
2020 жылдың 21 ақпан күні Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Ғани Ахметбаев өзі сайланған №12 округтің тұрғындарымен кездесті. Жиын «Ақжайық» шағынауданындағы №59 ЖОМ-інде өтті. Кездесуде Ғани Молдабекұлы тұрғындарға 2019 жылы атқарылған жұмыстарының есебін баяндай келе, оң шешімін тапқан мәселелерді көпшілік назарына арнайы слайд нұсқада көрсетті. Сонымен қатар, депутат 2020 жылдың күн тәртібіне және жылдық жоспарына енгізілген бірқатар негізгі жұмыстарын таныстырып өтті.
Халық қалаулысынң өткен жылы шешімін тапқан нәтижелі істер үшін тұрғындар тарапынан алғыстар айтылды. Содан соң «Ақжайық» және «Достық» шағынаудандарындағы биылғы жылдың бірнеше күрделі мәселелері туралы сауалдар қойылды.
Олар:
- Шағынаудандардағы кейбір көшелерді жарықтандыру мәселесі;
- Кәріз су және ауыз су жүйелерін ретке келтіру;
- Жолдарды жөндеу: шағыл тас, асфальт төсеу;
- Аялдамалар орнату;
- Жолаушылар (трансфорттық) көлігімен қамтамасыз ету;
- Көшелерді иесіз, қаңғыбас иттерден арылту;
- Көшелерді шалшық сулардан арылту;
- Балаларға арналған спорттық ойын алаңшаларын салу т.б үлкенді-кішілі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Өз кезегінде депутат Ғани Ахметбаев аталған мәселелер биыл оң шешімін табатынын мәлімдеді. Бірқатар кезек күттірмейтін мәселелер бойынша тиісті басқармаларға сауалдар жолдады.Сондай-ақ, тұрғындардың құзырлы органдарға арнайы хат жолдап, күрделі мәселелерге қаржы бөлдіруді жоспарға алды. Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз бен «Ақжайық» шағынауданының биі Бақыт Алтаев жиында көтерілген проблемалардың оң шешімін табуға атсалысып, ықпал ететінін жеткізді.



