Мәжілісте Шымкент қаласы мәслихаттың 2018 жылғы 22 маусымдағы «Шымкент қаласының басқару схемасы туралы» №31/252-6с шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды.
Бұған дейін қала мәслихатының шешімімен Шымкент қаласының басқару схемасы 22 басқарма түрінде бекітілген болатын. Қазіргі уақытта аталған басқару схемасына өзгертулер енгізу қажеттігі туындап отыр. Оның себебі, мемлекеттік сатып алу туралы ҚР заңына сәйкес мемлекеттік органдарда орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды біріңғай ұйымдастырушылар жүзеге асыру қажет деп көзделген. ҚР Қаржы министрінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығымен «Мемлекеттік сатып алуды біріңғай ұйымдастырушылар жүзеге асыратын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбелері» бекітілген. Осы бұйрыққа сәйкес 2019 жылдың 1 мамырынан бастап мемлекеттік органдарда орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды біріңғай ұйымдастырушылар жүзеге асырылуы тиіс. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алуларды жүргізу функциясын жүктей отырып, Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасын құру ұсынылды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы мәслихатының 2018 жылғы 21 қыркүйектегі «Жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» №37/291-6с шешіміне толықтырулар енгізіліп, Шымкент қаласының өрт сөндіру техникаларын жаңарту және сервистік қызмет көрсету жобасы жоспарланған жекешелік әріптестік жобаларының тізбесіне қосылды.
Мәжілісте Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің құрамы, әкімдік жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің құрамы және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің дербес құрамы бекітілді.
Күн тәртібіндегі қаралған мәселелердің шешім жобалары алдын ала қала мәслихатындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында қаралып, бір ауыздан қабылданды. Сессияға Салимов Бахадыр Сатыбалдыұлы төрағалық етті.