Халық қалаусынының жеке қабылдауында болған ата-аналар № 18 Ш. Уәлиханов атындағы жалпы орта мектеп жанындағы коррекциялық сыныптардың жағдайын айтып шағымданды. Осыған байланысты мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев ерекше қажеттілікті талап ететін оқушылардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Бұрынғы балабақша болған ескі ғимаратта бүгінде 140 жуық оқушы білім алады. Ондағы ең басты мәселе- инватакси. Мүмкіндігі шектеулі балаларды қажетті жеріне апарып, алып келіп жүрген көлік бір себептермен қызметін тоқтатқан. Мектептің асханасы жоқ. Пандус салынбаған. Ата-аналар балаларын мектеп баспалдағынан көтеріп шығаруға мәжбүр. Тіпті ғимарат көп жылдан бері ешқандай жөндеуден өтпепті.
Өз кезегінде Ғани Әбдіғаниұлы балалардың мәселесін басты назарға алып, білім басқармасы басшысымен кездесті. Олар күрделі жөндеу жүргізудің және пандустер салудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, ерекше балалардың өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша инватаксиді іске қосты. Сонымен қатар, депутаттар коррекциялық сыныптың 5 оқушысына бассейнге баруға бір жылдық абонемент карточкасын алып берді.