Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханаға келіп, қазіргі атқарылып жатқан жұмыстарымен танысып шықты. Заман талабына сай оқырмандарға қызмет көрсету ісінің озық жетістіктерін көріп шыққан қала басшысы кітапхана қызметкерлерімен тілдесті. Сұхбат барысында халық қалаулысы жаңартылған кітапханалардың ашылуы Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты бағдарламасының орындалуының алғашқы нәтижелері екендігін атап өтті.
-Nur Otan партиясының 2020-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 5 жылдық мақсаты айқын бағдарламасы бар. Бағдарламаны жүзеге асырудың жол картасы да бекітілді. Бүгінгі іс-шара сол партия бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы қадамдары деуге болады. Өйткені бағдарламада адам капиталын арттыруға, халыққа қолайлы өмір қалыптастыруға ерекше мән берілген. Мына ашылып отырған отбасылық кітапханаға жасөспірімдерден бастап, қарияларға дейін келіп кітап оқып, білімді жетілдіруге толық мүмкіндік бар. Яғни барлығына қол жетімді. Қаланың шетіндегі елді-мекендерге осындай кітапханаларды салу арқылы біз халықтың білім алуына, рухани жан-дүниесінің баюына ықпал етеміз. Бұл жұмыстардың өзі Nur Otan партиясының нақты істердің партиясы екендігін аңғартады – деді Бахадыр Мәдәліұлы.
Рухани шаңырақ халыққа кітапханалық-библиографиялық, ақпараттық қызмет көрсетуде. Бүгінде кітапхана қорында 400 мыңнан астам кітап пен 6546 дана электронды қоры бар. Ал, оқырмандар саны 18 600-ды құраса, келушілер саны 128 000, кітап берілімі 216 000. Мұнда 96 қызметкер еңбек етеді.
Кітапхана қазіргі таңда Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы және кітап.kz қорын толықтыруға белсене атсалысуда.