2019 жылдың 26 ақпанында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Баходир Салимов №3 сайлау округінің саулаушыларымен жүздесті. Жиын №42 жалпы орта мектебінде Абай ауданы әкімдігінің орынбасары, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқарма өкілдері мен мектеп директорының қатысуымен өтті.
Депутат Баходир Салимов мәжілісте Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарына жеке-жеке тоқталып, маңыздылығын түсіндірді.
Сондай-ақ, 27 ақпан күні өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII сьезін тікелей эфир арқылы көріп, ондағы қабылданған шарапаты мол бағдарламалардың бағытын айтып өтті.
Сонымен қатар, халық қалаулысы шаһар тұрғындарын мазалаған мәселелермен танысып, ұсыныстарын тыңдады. Жиналыста сөз алған Хамза шағын ауданының тұрғындары қоғамдық көлік жүргізушілеріне талапты күшейтуді сұрады. Айтуларынша №52 автобус уақытылы жүрмейді және тізгіншілер жолаушыларға дөрекілік танытып, балаларды автобусқа мінгізбей өтіп кететін кездері болады екен. Жол мәселесі, коммуналдық шаруашылық пен абаттандыру бойынша да өтініштер айтылды. Оның ішінде Гагарин көшесіндегі «Бауман» мен «Хамза» аялдамаларының ара қашықтығындағы шұрық-тесік жолды жөндеуді өтінді. Сондай-ақ , Ақынбабаев көшесінде орналасқан № 9 емхана ғимаратының әбден ескіргенін, ғимараттың жайсыздығынан адамдардың ем алуы қиындай түскенін айтып шағымданды.
Халық қалаулысы мен атқарушы орган қызметкеткерлері тұрғындардың арыз-шағымын мұқият тыңдап,биыл жаңа емхананың құрылысы басталатынын айтып қуантты. Сондай-ақ, Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқарма өкілдері аталған келеңсіздіктерді реттеуге уәде етті. Ал кездесуде айтылған басқа да мәселелерді шешу үшін халық қалаулысы тиісті орындарға депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді. Жиын соңында жиналағандар депутатқа ризашылығын білдіріп, алғыстарын айтты.