2018 жылдың 5 сәуірінде Шымкент қалалық мәслихатында бюджет және басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының ашық отырысы өтті. Тұрақты комиссия отырысына қалалық мәслихатының басқа да тұрақты комиссиялардың төрағалары және депутат мүшелері, қала әкімдігінің құрылымдық бөлімдерінің басшылары және БАҚ өкілдері қатысып, күн тәртібінің жобасына Шымкент қалалық мәслихатының 2017 жылғы 25 желтоқсанындағы 24/193-6с «2018-2020 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджетіне өзгерістер енгізу туралы» мәселесі енгізіліп, егжей-тегжейлі талқыланды.
Аталған мәселені қарау барысында қалалық әкімдікпен Шымкент қаласының 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне ұсынылған өзгерістер жалпы депутаттар тарапынан қолдау тапқанымен, біршама қала бюджеті есебінен қаламызда атқарылған және атқарылып жатқан жұмыстарға сын ескертпелер айтылды.
Мәселен тұрғын – үй коммуналдық шаруашылық бөліміне қаланы көріктендіруге, абаттандыруға қаралған 3,1 млрд. теңгенің нақты қандай жұмыстарға бағытталғаны туралы сауалдар қойылды.
Сонымен қатар қалалық мәслихат хатшысы Н.Бекназаров – Бекет батыр көшесінің бойындағы аллеяға жүргізілген абаттандыру жұмыстарына көңілі толмайтындығын атап өтіп, бөлінген қаржының қомақты болғанымен жасалынған жұмыстардың сапасының төмендігін айтып, алдағы уақытта сапаға көбірек көңіл бөлуді ұсынды.
Өз кезегінде сөз алған депутат Е.Дәрменов қалалық кәсіпкерлік бөліміне қаралған 56 млн. тг. қаржының қандай мақсатқа жұмсалғаны туралы сауал қойды. Депутат Е.Дәрменовты қолдап, қалалық мәслихат хатшысы Н.Бекназаров кәсіпкерлік бөлімінің жұмысын сынға алып, мәслихаттың келесі отырысына аталған бөлімге қаралған қаржыны нақты қандай жұмыстарға жұмсалатыны туралы мәліметті алып келуін тапсырды.
Қалалық мәслихат депутаттары Ғ.Ташқараев, Х.Ахматханов, Н.Жанабаев қаламыздағы қараусыз қалған көшелеріне және қала көшелерін, оның ішінде мектепке баратын жолдарды толығымен жарықтандыру мәселелеріне қосымша қарауды ұсынды.
Тұрақты комиссия отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселе қызу талқыланып, депутаттар тарапынан қаламыздың көркейіп, дамуына, халқымыздың тұрмыс тіршілігін жақсартуға бағытталған іс-шараларды көбірек қолға алуды ұсынды.