2017 жылдың 31 қаңтарында Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс он үшінші сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібіне «Шымкент қаласының 2017-2019 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Шымкент қалалық мәслихатының №1 сайлау округінен сайланған депутат Танкеев Ерлан Бақытжанұлының депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтату туралы» мәселелер енгізілді.
Күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша шешім жобалары алдын ала 30 қаңтар күні қалалық мәслихаттағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында және «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында қаралып, бір ауыздан қолдау тапқан болатын. Сонымен қатар аталған отырыста Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі депутаттар арасында жан-жақты қызу талқыланып, қолдау тапты.
Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс он үшінші сессиясы «Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2017 жылдың 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын талқылаумен ұласты.
Шымкент қаласының кезектен тыс он үшінші сессиясына және Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын талқылау мәжілісіне қала әкімі Ғ.Р.Әбдірахымов, әкімдік мүшелері, қаланың жергілікті атқарушы және аумақтық органдарының басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ардагерлер және қала тұрғындары қатысты.
Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Н.Бекназаров өз кезегінде сөз сөйлеп, Елбасының Жолдауы қаламыздың дамуы жолында маңызды құжат болып табылатынын атап өтіп, барлық мәслихат депутаттарын Жолдауды қолдауға және өз округтерінде насихаттауға шақырды.